Бүгін, 23 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Ішкі істер министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы, профессор Марат Қоғамовтың Көліктегі полиция департаменті аппаратының жеке құрамымен жұмыс кездесуі өтті. Оған КПД бастығы О.Б.Бекеев және оның орынбасарлары, сондай-ақ Департамент аппаратының қызметкерлері қатысты.
Заң ғылымдарының докторы М.Қоғамов өз сөзінде Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Қазақстан Жаңа нақты ахуалда: іс-қимыл уақыты» Жолдауын іске асыру аясындағы негізгі бағыттар мен міндеттерге тоқталды. Ол ішкі істер органдары қызметкерлерінің алдына қойылған міндеттерге, сонымен қатар 2019-2021 жылдарға арналған ІІО жаңғырту жөніндегі Жол картасына ерекше назар аударды.
Басқосуда өкілеттіктерді бөлумен қылмыстық процестің үш сатылық моделін енгізу бөлігінде заңнамалық актілерге келісіліп, енгізілген өзгерістер бойынша жұмыс жасау мәселесі талқыланды. Кеңеске қатысушылар қылмыстық процесте туындаған сұрақтарға жауап алды.
Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті күзетуді күшейту және жалпы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша бірінші кезектегі міндеттер, кадр саясаты, тәртіп пен заңдылықты нығайту мәселелері, Департаменттің жеке құрамы арасында сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу және оған қарсы іс-қимыл қағидаттары туралы талқыланды.
Осыдан кейін М.Қоғамов кездесуге қатысушыларды ІІМ жанындағы Қоғамдық кеңестің алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарымен таныстырды. Азаматтардың ішкі істер органдары қызметкерлеріне деген сенімі полицейлердің жұмыс нәтижелерінен, өздерінің міндеттерін тиісті орындауларынан, азаматтардың өтініштеріне уақтылы және сапалы ден қоюларынан қалыптасатынын айтты. Полицийлер азаматтардың конституциялық құқықтары мен олардың заңды мүдделерін бұзбаулары керек. Сондықтан ІІО бөліністерінің басшыларына азаматтардың жеке өтініштерінің қаралуын және олардың объективті шешілуін қамтамасыз етулері маңызды.
Кездесу қорытындысы бойынша көлік полициясының жұмысын одан әрі жетілдіру жөнінде шешім қабылданды.
Кеңес барысында Департамент бастығы О.Бекеев көлік полициясының жұмысы әрдайым ашықтық пен қолжетімділікке бағытталғанын айтты.
Қазіргі уақытта республика бойынша КПД-нің 25 бөлінісі жұмыс істейді. Бүгінде еліміздің көлік полицейлері 27 шекаралық станцияларда қоғамдық тәртіпті сақтауды жүзеге асыруда, жедел қызмет көрсетуге 305 теміржол вокзалы мен 18 әуежай кіреді. Жыл сайын темір жол көлігімен орта есеппен 12 млн.жолаушы тасымалданады.
Ел аумағы бойынша тәулігіне 170-ке жуық жолаушылар поезы жүреді, олардың әрқайсысы орташа есеппен тәулігіне 5-тен 10 мыңға дейін жолаушы тасымалдайды.
Кеңес соңында ведомство басшысы Марат Чекишевичке кездесу өткізгені үшін зор алғысын білдіріп, оған мықты денсаулық және жұмысына табыс тіледі.
Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі