
2 қыркүйекте Алматы-1 станциясындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері теміржол көлігіндегі жүріс-тұрыс қағидаларын өрескел бұзып, қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндірген үш азаматты ұстады.
Құқық бұзушылар дереу полиция бөлмесіне жеткізілді. Тексеру барысында көлік полицейлері ұсталған азаматтардың жеке басын анықтады. Олар Жамбыл және Алматы облыстарының 32–35 жастағы тұрғындары болып шықты. Сонымен қатар, «Алматы – Атырау» бағытындағы жолаушылар пойызы «Алматы-1» станциясынан қозғала бастаған кезде, құқық бұзушылардың қозғалыстағы локомотивтің тұтқаларынан ұстап, оның сатысына секіріп мінуге әрекеттенгендері анықталды. Тіпті, олар машинист кабинасына бөгде заттар лақтырған.
Бұл адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргендіктен, машинист шұғыл тежеуді қолдануға мәжбүр болған.
Пойыздың жоспардан тыс аялдау уақыты 2 минутты құрады.
Ұсталған азаматтар алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға мас күйінде келу және теміржол көлігі құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу фактілері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Теміржол - қауіптілігі жоғары аймақ екенін тағы да еске саламыз. Мұндай құқыққа қайшы әрекеттер заңға сәйкес қатаң жауапкершілікке әкеп соғады.
Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі