
Алматы қаласының әуежайындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері «Сеул – Алматы» бағытындағы әуе рейсімен ұшып келген Оңтүстік Кореяның 56 жастағы азаматын жауапкершілікке тартты. Сапар кезінде авиациялық қауіпсіздік талаптарын елемей, ұшақтың дәретханасында темекі шеккен жолаушы акт бойынша тәртіп сақшыларына тапсырылды.
Осыған ұқсас заңбұзушылық «Алматы – Шымкент» бағытындағы ішкі рейсінде де тіркелді. Онда Өзбекстан мен Қытай азаматтары ұшу кезінде шылым шегіп, борттағы жүріс-тұрыс ережелерін бұзған.
Барлық құқық бұзушы әуе кемесі бортында темекі өнімдерін тұтынғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Олардың әрқайсысына 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынды.
Көлік полицейлері әуе және теміржол көлігі объектілерінде ережелерді сақтау – ең алдымен барлық жолаушылардың қауіпсіздігінің кепілі екенін ескертеді.
2026 жылдың басынан бері Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері әуе және теміржол инфрақұрылымы объектілерінде 63 469 құқық бұзушылықтың жолын кесті. Олардың ішінде ең жиі кездесетіндері: 4 575 дерек алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу, 2 835 дерек темекі шегуге салынған тыйымды бұзу.