Көлік полицейлері азаматтарды теміржолдағы қауіпсіздік қағидаларын сақтауға тағы да шақырады

Көлік полицейлері азаматтарды теміржолдағы қауіпсіздік қағидаларын сақтауға тағы да шақырады

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері құқық бұзушылықтардың алдын алу, жазатайым оқиғаларды болдырмау, сондай-ақ теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өту, рельстерге бөгде заттар қою және пойыздарға тас лақтырып әйнектерін сындыру фактілерінің жолын кесу мақсатында жедел-профилактикалық және рейдтік іс-шараларды ұдайы өткізіп тұрады.

Десек те, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, мұндай құқық бұзушылықтар әлі де тіркелуде. Жазғы демалыс кезінде ересектердің бақылауынсыз қалған кәмелетке толмаған балалар көп уақыттарын көшеде өткізді. Тіпті, олардың өз өмірлері мен денсаулықтарына қауіп төндіретін теміржол нысандарының маңында жүруі полицейлерді алаңдатуда.

Осыған орай, бүгін көлік полицейлері Астана-1 теміржол вокзалының аумағында профилактикалық іс-шара өткізді. Рейд барысында азаматтармен және кәмелетке толмағандармен теміржол көлігі нысандарында қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидалары туралы ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Көліктегі ПД Әкімшілік полиция басқармасы бөлімінің бастығы Әлихан Жұмажановтың айтуынша, 2026 жылдың басынан бері теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өтудің 31 432 фактісі анықталған. Сонымен қатар, пойыздардың шұғыл тежеуінің 766 жағдайы тіркелсе, оның 173-і теміржол бойында адамдардың жүруіне байланысты болған.

Оның айтуынша, азаматтардың абайсыздығынан теміржол жарақатын алу көрсеткіші айрықша  алаңдаушылық туғызады. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында пойыздардың қағып кетуі салдарынан зардап шеккен 42 адамның жартысынан көбі көз жұмған. Өкінішке орай, олардың арасында кәмелетке толмағандар мен жас балалар да бар.

Сондай-ақ, Департаментте жыл басынан бері жолаушылар пойыздарының әйнектерін сындырудың 35 фактісі тіркелген. Мұндай оқиғалардың басым бөлігі Алматы, Шымкент, Қарағанды және Шу станцияларының учаскелерінде орын алған. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды. Бұл әрекеттердің көпшілігін өз іс-әрекетінің қауіптілігі мен зардаптарын толық түсіне бермейтін кәмелетке толмағандар жасайды.

Сондай оқиғалардың бірі осы жылдың мамыр айында Абай облысында орын алды. Жасөспірім локомотивке тас лақтырып, тепловоздың алдыңғы әйнегін сындырған. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

«Мұндай әрекеттер пойыз қозғалысының қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіреді. Лақтырылған бір ғана тас локомотив бригадасы мүшелері мен жолаушылардың жарақат алуына, пойыздың мәжбүрлі түрде тоқтауына, қозғалыс кестесінің бұзылуына және айтарлықтай материалдық шығынға әкеп соғуы мүмкін», – деді Ә. Жұмажанов.

Көліктегі полиция департаменті ата-аналарды жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, оларға теміржол көлігі нысандарындағы қауіпсіздік қағидаларын үнемі түсіндіріп отыруға және балалардың теміржол маңында әрі басқа да қауіпті аймақтарда ойнауына жол бермеуге шақырады.