
Көлік полицейлері «Маңғыстау – Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызында масаң күйдегі жолаушының заңға қайшы әрекетінің жолын кесті.
Пойыз бастығының актісі негізінде Бейнеу станциясындағы көліктегі полиция бөлімшесінің қызметкерлері қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған 47 жастағы Қызылорда облысының тұрғынын пойыздан түсірді. Алкогольдік масаң күйде болған азамат вагон-мейрамхана директорына балағат сөздер айтып, жолаушылар мен пойыз қызметкерлерінің тыныштығын бұзған.
Тәртіп сақшылары келгеннен кейін де құқық бұзушы өз әрекетін тоқтатпай, полиция бөлмесіне жеткізу кезінде қызметкерлердің заңды талаптарына бағынбаған.
Тексеру қорытындысы бойынша көлік полицейлері құқық бұзушыны ҚР ӘҚБтК-нің бірден үш бабы бойынша жауапкершілікке тартты. Атап айтқанда, қоғамдық орында мас күйде болғаны, ұсақ бұзақылық жасағаны және құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін. Жиналған материалдар сотқа жолданды.
Сот істің мән-жайын қарау нәтижесінде құқық бұзушыны 25 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарды.
Айта кету керек, бұл азаматтың заң бұзғаны үшін жауапкершілікке алғаш рет тартылуы емес. Ол осыған дейін бір жыл ішінде қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған болатын. Алайда бұдан тиісті қорытынды шығармаған.
Көліктегі ПД азаматтарға пойызда алкогольдік ішімдік ішіп, қоғамдық тәртіпті бұзу жолаушылардың қауіпсіздігі мен тыныштығына қауіп төндіретінін еске салады. Осындай құқық бұзушылықтар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында қатаң жауапкершілік көзделген.