
Көліктегі полиция департаментінде Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шара қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің құрметіне орнатылған «Мәңгілік ұмытылмас есімдер» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Қатысушылар бір минут үнсіздікпен азаматтарды қауіп-қатерден құтқару кезінде ерлікпен көз жұмып, қыршын кеткен әріптестерін еске алды.
Көліктегі полиция департаментінің бастығы Абзал Жұматаев жиналғандарды кәсіби мерекемен құттықтады. Өз сөзінде ол Департаменттің жеке құрамына мінсіз қызметі, жоғары кәсібилігі мен таңдаған мамандығына адалдығы үшін алғыс білдіріп, көліктегі полицияның еліміздің әуе және теміржол көлігі нысандарында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ, Абзал Ғабдуллаұлы ішкі істер органдарының ардагерлеріне жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу жолындағы қажырлы еңбегі, мол тәжірибесі мен қызметтің үздік дәстүрлерін кейінгі буынға жеткізіп келе жатқаны үшін шынайы ризашылығын білдірді.
Салтанатты іс-шара барысында қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны және көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін үздік қызметкерлер ведомстволық наградалармен марапатталып, көтермелеу тәртібімен арнайы атақтар берілді, сондай-ақ грамоталар мен алғыс хаттар табысталды.
Жалпы кәсіби мереке күні Ішкі істер министрлігі мен Департаменттің түрлі наградаларымен 200-ден астам қызметкер мен ішкі істер органдарының ардагерлері марапатталды. Олардың қатарында Астана станциясындағы көліктегі полиция басқармасы LRT-ғы полиция бөлімінің қызмет аға инспекторы полиция капитаны Нұрсұлтан Жанғабылов болды.
Н, Жанғабылов ішкі істер органдарындағы қызметке 2013 жылы келген.. Ал Көліктегі ПД-де 2019 жылдан бері қызмет атқарады. Осы уақыт аралығында кәсіби біліктілігі мен қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен атқара білетіндігін көрсете білді. Бүгін ол Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Отбасылы, төрт бала тәрбиелеп отырған мерейлі шаңырақтың иесі.
Іс-шараның соңы көтеріңкі көңіл күй сыйлаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Еске сала кетейік, Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты іс-шаралар Департаменттің 27 аумақтық бөліністерінде де өткізілді.