
Көліктегі полиция департаменті «Заңсыз келуші-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын шығарды. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзудың 222 дерегі анықталды.
Құқық бұзушылардың 180-і шетел азаматтары болса, олардың 174-і ТМД елдерінің, ал 6-ы алыс шетел мемлекеттерінің азаматтары. Сонымен қатар халықаралық іздеуде жүрген төрт шетелдік ұсталды.
Сот шешімдерімен 33 шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары шығарылды.
Мәселен, көлік полицейлері Тараз станциясының теміржол вокзалында жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде заңсыз еңбек қызметімен айналысқан Өзбекстан Республикасының төрт азаматын анықтады. Осындай дерек Жезқазған станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлерімен де тіркелді. Құрылыс нысанында тиісті рұқсат құжаттарынсыз еңбек еткен Өзбекстанның тағы төрт азаматы анықталды.
Барлық құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен әкімшілік қамауға алынып, ел аумағынан шығарылды. Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған Қазақстан азаматтары да жауапкершілікке тартылды.
Еске сала кетейік, 8-12 маусым аралығында Көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсету аумағында «Заңсыз келуші-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты ел аумағында заңсыз жүрген шетел азаматтарын анықтау және заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу.
Тәртіп сақшылары азаматтар мен жұмыс берушілерді ҚР көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады.