Көлік полицейлері ұшақ бортында темекі шеккен Болгария азаматын жауапкершілікке тартты

Көлік полицейлері ұшақ бортында темекі шеккен Болгария азаматын жауапкершілікке тартты

«Бангкок – Шымкент» бағыты бойынша ұшып келген әуе рейсі қонғаннан кейін әуе компания өкілдерінің актісі негізінде рейс барысында қоғамдық тәртіпті бұзған жолаушы Шымкент қаласы әуежайындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлеріне тапсырылды.

Тексеру барысында көлік полицейлері құқық бұзушының Болгария Республикасының 59 жастағы азаматы екенін анықтады. Ол ұшу кезінде темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салынғанына қарамастан, әуе кемесінің бортында темекі шеккен.

Аталған құқық бұзушылық үшін шетел азаматы әуе кемесінің бортында темекі өнімдерін тұтынғаны үшін жауапкершілікке тартылып, 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Еске сала кетейік, жыл басынан бері Көліктегі ПД қызметкерлері әуе кемелерінің бортында жасалған 63 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 42 дерек алкогольдік ішімдіктерді ішуге және қоғамдық орындарға масаң күйде келуге қатысты болса, 8 дерек ұсақ бұзақылыққа, 7 факті ұшақ бортында темекі шегуге байланысты тіркелген.

Сондай-ақ өзге де құқық бұзушылықтар анықталды.