
«Петропавл – Алматы» бағытындағы әуе рейсі Алматы қаласының әуежайына қонғаннан кейін ұшу барысында қоғамдық тәртіпті бұзған жолаушы әуе компания өкілдерінің актісімен көліктегі полиция басқармасының қызметкерлеріне берілді.
Тексеру барысында көлік полицейлері Алматы қаласының 63 жастағы тұрғынын анықтады. Ол әуе кемесінің бортында алкогольдік масаң күйде болып, экипаж мүшелерінің заңды талаптарына бағынбаған, балағат сөздер айтып, өзінің әрекетімен өзге жолаушыларға қолайсыздық туғызған.
Жасалған құқыққа қарсы әрекеттері үшін ер адам ҚР ӘҚБтК бірден үш бабы бойынша жауапкершілікке тартылды: алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу, әуе кемесіндегі мінез-құлық қағидаларын бұзу және ұсақ бұзақылық жасау.
Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша жиналған материал шешім қабылдау үшін Алматы қ. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды.
Көліктегі полиция департаменті көлік инфрақұрылымы нысандарында қоғамдық тәртіпті бұзу жолаушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіретінін және заңнамада көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Әуе кемесінің бортында белгіленген мінез-құлық қағидаларын сақтау әрбір жолаушының міндеті болып табылады.