
Достық станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері профилактикалық рейд барысында Абай облысының Ақтоғай станциясындағы салынып жатқан теміржол нысандарының бірінде жүргізілген құрылыс жұмыстарын атқарып жүрген Өзбекстан Республикасының бес азаматын анықтады. Шетелдік жұмыс күшін тарту ҚР шетелдік жұмыс күші мен еңбекші мигранттарды пайдалану саласындағы заңнама талаптарын бұза отырып жүзеге асырылғаны белгілі болды.
Тексеру нәтижесінде шетелдік жұмыс күшін жергілікті атқарушы органның тиісті рұқсатынсыз пайдаланған жекеменшік компания жауапкершілікке тартылып, оған 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, анықталған шетелдік азаматтар да ҚР халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Сот шешімімен құқық бұзушылық жасаған төрт шетел азаматына әрқайсысына 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Ал бір құқық бұзушыға бір тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза қолданылды.
Көліктегі полиция департаменті халықтың көші-қоны және шетел азаматтарының еңбегін пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертеді. Еліміздің көлік инфрақұрылымы нысандарында құқықтық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында мұндай рейдтік іс-шаралар тұрақты негізде жүргізілмек.