
2025 жылдың желтоқсанында көліктегі полиция басқармасы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері Алматы халықаралық әуежайында «Бангкок – Алматы» рейсімен ұшып келген Жамбыл облысының 23 жастағы тұрғынын анықтап, қолға түсірді.
Жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу барысында ұсталған азаматшаның жүгін тексеру кезінде оның чемоданынан жалпы салмағы 8 килограмм 879 грамм болатын «гашиш майы» есірткі заты табылып, тәркіленді.
Аталған факті бойынша көлік полицейлері сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізді.
Тергеу барысында күдіктінің өз іс-әрекеттерінің құқыққа қайшы екенін және оның арты қандай құқықтық салдарға соқтыратынын сезіне отырып, материалдық пайда табу мақсатында алдын ала сөз байласу арқылы әрекет еткені анықталды. Ол аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын өткізу мақсатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы заңсыз өткізуге, сондай-ақ оларды сақтау мен жөнелтуге келіскен.
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ол кінәлі деп танылып, 16 жылға бас бостандығынан айырылды.
Көліктегі полиция департаменті ескертеді: Есірткі заттарының заңсыз айналымы, оларды тасымалдау, сақтау және өткізу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.