
Өткен демалыс күндері Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері — Жақсалықов Жандос, Балтабаева Ботагөз және полиция майоры Байларова Балнұр «BI Group» компаниясы ұйымдастырған қайырымдылық марафонына белсене қатысты.
Қатысушылар 10 және 20 шақырым қашықтықтарды еңсеріп, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауға бағытталған игі бастамаға өз үлестерін қосты. Марафон қоғамдағы жанашыр әрі белсенді азаматтардың басын қосып, қайырымдылық пен өзара қолдаудың жарқын үлгісіне айналды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жиналған қаражат толықтай даму ерекшеліктері бар балаларға көмек көрсетуге бағытталады.
Іс-шараға қатысушылар мұндай бастамалардың қоғам үшін маңыздылығын атап өтті.
– Осындай шараларға қатысу біз үшін тек спорттық белсенділік қана емес, сонымен қатар қоғаммен бірге екенімізді көрсетудің маңызды мүмкіндігі. Полиция қызметкерлері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, қайырымдылық жобаларын қолдап, салауатты өмір салтын насихаттауға да ерекше көңіл бөледі, – деді қатысушылар.