Әуе рейстерінде тәртіп бұзған екі жолаушы 3 және 5 тәулікке қамауға алынды

Әуе рейстерінде тәртіп бұзған екі жолаушы 3 және 5 тәулікке қамауға алынды

Астана қаласы әуежайындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері әуе кемелерінің бортында және жолаушыларды отырғызу аймағында қоғамдық тәртіпті бұзу фактілерінің жолын кесті.

Мәселен, «Алматы – Астана» бағытындағы әуе рейсі ұшып келгеннен кейін әуе компания өкілдері көлік полицейлеріне акт бойынша деструктивті жолаушыны тапсырды. Тексеру барысында 37 жастағы елорда тұрғыны анықталды. Ол ұшу барысында алкогольдік масаң күйде болып, өз бетінше басқа жолаушылардың орындарына ауысып отырған, әуе көлігіндегі тәртіп ережелерін бұзып, экипаж мүшелерінің заңды талаптарына бағынбаған.

Құқық бұзушы полицияның кезекші бөліміне жеткізіліп, қоғамдық орында мас күйінде жүргені және әуе кемесіндегі тәртіп қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ер адам 3 тәулікке қамауға алынды.

Осыған ұқсас тағы бір оқиға «Астана – Шымкент» бағытындағы рейске отырғызу кезінде орын алды. Бұл жолы Шымкент қаласының 35 жастағы тұрғыны алкогольдік масаң күйде болып, әуе компания қызметкерлеріне балағат сөздер айтқан. Өз әрекеті арқылы құқық бұзушы айналасындағыларға құрметсіздік танытып, басқа жолаушылардың тыныштығын бұзған.

Аталған заңға қайшы әрекеттер де құқықтық тұрғыдан тиісті бағасын алды – ер адам қоғамдық орында мас күйінде болғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ол 5 тәулікке қамалды.

Айта кетейік, аталған азаматтар осыған дейін де бір жыл ішінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын.

Көліктегі ПД әуе рейстерінің қауіпсіздігі мен азаматтарды агрессивті әрекеттерден қорғау басты басымдықтардың бірі екенін еске салады. Көлік нысандарында қоғамдық тәртіпті бұзудың кез келген әрекеті қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң түрде тоқтатылатын болады.