Жезқазғанда Жеңіс күніне орай «Мәңгілік тағзым» акциясы өтті

Жезқазғанда Жеңіс күніне орай «Мәңгілік тағзым» акциясы өтті

Жеңіс күні қарсаңында Жезқазған станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің ерлігін ұлықтауға арналған «Мәңгілік тағзым» атты патриоттық акция өткізді.
Іс-шара қаза тапқан қызметкерлерге арналған мемориалға гүл шоқтарын қою рәсімімен және батырларды бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Бұл — ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі жолында жанын қиған ерлерге деген зор құрметтің белгісі.
Акцияға ішкі істер органдарының ардагерлері, бөлім басшылығы, полиция қызметкерлері және жас мамандар қатысты. Кездесу барысында ардагерлер қызмет жолындағы тәжірибелерімен бөлісіп, Отанға адал қызмет етудің, антқа беріктіктің және ұрпақтар сабақтастығының маңызын атап өтті.
Іс-шара аясында жеке құрамды патриоттық рухта тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ардагерлер мен қаза тапқан әріптестердің ерлігін дәріптеу — жас қызметкерлердің бойында жауапкершілік, кәсіби парыз және ел тарихына құрмет сезімін қалыптастырудың маңызды бөлігі.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамаларын қолдау мақсатында өткізілетін мұндай тағылымды шаралар жаңа буын тәртіп сақшыларын тәрбиелеуге, рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға және ерлікке тағзым ету дәстүрін жалғастыруға бағытталған.