
Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Көліктегі полиция департаментінің және Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы көліктегі полиция басқармасының өкілдері ішкі істер органдарының ардагері, тыл еңбеккері Евдокия Николаевна Губенконы арнайы барып құттықтады.
Іс-шараға Көліктегі полиция департаменті ардагерлер кеңесінің мүшелері Кулатаев Владимир Сербаевич пен Аубакиров Төлеген Мекешович, Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы көліктегі полиция басқармасының ардагерлер кеңесінің төрағасы Маселов Болат Тлекович, сондай-ақ басқарма бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Кнашин Қайыржан Ахатович қатысты.
Кездесу барысында Көлік полициясы ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі Төлеген Мекешұлы Аубакиров Көліктегі полиция департаменті бастығының құттықтауын жеткізіп, ардагерлер кеңесі атынан ақшалай сый-сияпат табыстады.
Евдокия Николаевна Губенко – соғыс жылдарында тылда еңбек еткен ардагер. Ол 1967 жылдан 1991 жылға дейін ішкі істер органдарында абыройлы қызмет атқарып, 24 жылын құқық қорғау саласына арнаған. Қызмет жолын Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторында милиционер болып атқарып, милиция старшинасы атағымен зейнетке шыққан.
Кездесу барысында қонақтар ардагерге жылы лебіздерін білдіріп, көпжылдық адал еңбегі мен ел тыныштығын қамтамасыз ету жолындағы қызметі үшін алғыстарын жеткізді.