9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында Көкшетау станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері игі іс-шара ұйымдастырып, ішкі істер органдарының және Ұлы Отан соғысы тыл ардагерлері – отставкадағы полиция майоры Дрынов Владимир Тимофеевич пен отставкадағы полиция подполковнигі Сейілов Серік Жанайұлының шаңырағына арнайы барып, құрмет көрсетті.
Іс-шараға Көліктегі полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есболат Шаймерденов, Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Гайдар Жағыпаров және Көкшетау станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Кенжетай Жақсылықов қатысты.
Кездесу барысында қонақтар ардагерлерге жылы лебіздерін білдіріп, олардың көпжылдық адал қызметі мен ел тыныштығын қамтамасыз етуге қосқан зор үлесін ерекше атап өтті. Сондай-ақ оларды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңіс күнімен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және амандық тіледі.
Өз кезегінде ардагерлер көрсетілген құрмет үшін алғыстарын айтып, жас буынға бейбіт өмірдің қадірін білу, Отанға адал қызмет ету және ел бірлігін сақтау жөнінде тағылымды ойларымен бөлісті.
Мұндай кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, патриоттық тәрбие мен ел тарихына деген құрметті арттыруға ықпал етеді. Ардагерлерге көрсетілген ілтипат – бүгінгі қоғамның азаматтық және адамгершілік борышының жарқын көрінісі.