Түркістан станциясындағы көліктегі полиция бөлімінде «Ашық есік күні» өтті

Түркістан станциясындағы көліктегі полиция бөлімінде «Ашық есік күні» өтті

Көліктегі полиция департаментінің Түркістан станциясындағы көліктегі полиция бөлімінде «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – ішкі істер органдары қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыру және көлік полициясы қызметінің қыр-сырымен таныстыру болды.

Аталған шара Түркістан станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлерінің бастамасымен өткізілді. Іс-шараға Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы кәсіби колледж студенттері қатысты.

Кездесу барысында студенттер бөлімнің құрылу тарихына қатысты мұрағаттық материалдармен танысып, көлік сақшыларының күнделікті қызметі туралы бейнематериалдарды тамашалады. Сонымен қатар, полиция қызметінің ерекшеліктері, оның ішінде күрделі әрі жауапты міндеттері туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Қатысушыларға адалдық, әділдік және адамгершілік құндылықтардың маңызы түсіндіріліп, полиция қызметкерлерінің арнайы құралдары, нысанды киімдері және бір күндік жұмыс тәртібі көрсетілді.

Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында ішкі істер органдары қызметі туралы дұрыс көзқарас қалыптастыру, қоғамдағы жалған пікірлердің алдын алу және болашақ мамандарды кәсіби бағдарлау.
Сондай-ақ, қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі – жастар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында сталкинг, кибербуллинг және интернет-алаяқтық тақырыптары қозғалып, қауіпсіздік шаралары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Шара барысында студенттер белсенділік танытып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пайдалы ақпарат алды.