
Қонаев станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері жолаушылар пойыздарында «STOP-трафик» атты профилактикалық акция өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты – адам саудасына және заңсыз бас бостандығынан айыруға байланысты қылмыстардың алдын алу.
Акция барысында полицейлер Қонаев станциясы арқылы өтетін жолаушылар пойыздарының вагондарын аралап, жолаушылармен және пойыз персоналымен, оның ішінде жолсеріктермен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шара аясында келесі бағыттарға ерекше назар аударылды:
— Ақпараттандыру: азаматтарға адамдарды арбау тәсілдері, сондай-ақ еңбек немесе жыныстық қанау белгілері туралы түсіндірілді;
— Қырағылық: «тиімді» жұмыс ұсыныстары немесе күмәнді таныстықтар кезінде алаяқтардың құрбаны болмау жолдары айтылды;
— Құқықтық көмек: жедел желі нөмірлері мен сенім телефондары ұсынылды.
Мұндай алдын алу шаралары азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.