Жетісу облысының тұрғыны «Нұрлы жол» вокзалында қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 5 тәулікке қамауға алынды

Жетісу облысының тұрғыны «Нұрлы жол» вокзалында қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 5 тәулікке қамауға алынды

Оқиға елордалық «Нұрлы жол» теміржол вокзалының аумағында орын алды.

Пойыздың жөнелтілуін күтіп отырған ер адам вокзал аумағында орналасқан хостелде уақыт өткізуді ұйғарған. Қоғамдық орында бола тұра, ол алкогольдік ішімдік ішкен. Кейін оның мінез-құлқы агрессивті сипат алып, хостел әкімшісіне қатысты балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Оқиға орнына Астана станциясындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері шақырылды.

Тексеру барысында көлік полицейлері құқық бұзушының «Нұрлы жол – Семей» бағыты бойынша жолға шыққан Жетісу облысының 30 жастағы тұрғыны екенін анықтады. Мән-жайды анықтау кезінде ер адам құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамаған. Қарсылық көрсеткеніне қарамастан, ол ұсталып, полиция бөлмесіне жеткізілді.

Ұсталған азаматқа қатысты ұсақ бұзақылық, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу немесе мас күйінде болу, сондай-ақ құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбау фактілері бойынша әкімшілік материалдар толтырылды.

Сот шешімімен ол 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Анықталғандай, аталған азамат жыл ішінде бұған дейін де қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішкені үшін жауапкершілікке тартылған.

Көлік полициясы ескертеді: қоғамдық тәртіпті бұзу, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын елемеу немесе қоғамдық орындарда агрессивті мінез-құлық таныту әрекеттерінің дереу жолы кесіледі. Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар, оның ішінде қамауға алу шарасына дейін қолданылады. Заң баршаға ортақ және оны бұзу міндетті түрде жауапкершілікке әкеледі.