
Оқиға Ақтау қаласының әуежайында орын алды. Әуе компаниясы өкілінің актісі негізінде көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері «Ақтау – Алматы» бағытындағы рейстен Алматы қаласының 36 жастағы тұрғынын түсірді.
Тексеру барысында аталған азаматшаның рейске тіркелу кезінде-ақ алкогольдік масаң күйде болғаны және айналасындағыларға қатысты балағат сөздер айтқаны анықталды. Осы әрекеттерімен ол қоғамдық тәртіпті бұзған.
Көлік полицейлері құқық бұзушыны полиция бөлмесіне жеткізіп, оны қоғамдық орында масаң күйде болғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оған 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Еске сала кетейік, жыл басынан бері Көліктегі ПД қызметкерлері әуе кемелерінде жасалған 48 құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде: алкогольдік ішімдіктерді ішу және қоғамдық орындарға мас күйде келу бойынша 31 дерек, ұсақ бұзақылықтың 8 дерегі, әуе кемесінде темекі шегудің 4 дерегі және басқа да құқық бұзушылықтар тіркелген.