Көліктегі ПД-де 2026 жылғы бірінші тоқсанның қорытындылары шығарылды

Көліктегі ПД-де 2026 жылғы бірінші тоқсанның қорытындылары шығарылды

Көліктегі полиция департаментінде 2026 жылдың I тоқсанындағы жедел-қызметтік жұмыс қорытындысы бойынша жедел кеңес өтті. Оған департамент басшылығы, аппарат қызметтерінің басшылары, сондай-ақ аумақтық бөліністердің басшылары мен жеке құрамы онлайн форматта қатысты.

Кеңес барысында жұмыстың басым бағыттары қаралды. Атап айтқанда, әуе және теміржол көлігі объектілерінде құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмысты күшейту, азаматтардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ полиция мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігі мәселелері талқыланды.

Өз сөзінде Көліктегі ПД бастығының міндетін уақытша атқарушы Құрмет Мәжікенов Ішкі істер министрінің «Заң және тәртіп» қағидаттарын қамтамасыз етуге, жазаның бұлтартпастығына және құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікке бағытталған тапсырмаларын мүлтіксіз орындаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар ол қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша профилактикалық және жедел-іздестіру іс-шараларын күшейту, жедел ахуалдың жай-күйіне тұрақты бақылау жүргізу негізгі міндеттердің бірі болып қала беретінін атап өтті.

Есепті мерзімде Департаменттің қызмет көрсету аумағында 353 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, олардың ашылу деңгейі 86,6%-ды құрады. Бұған қоса, көлік полицейлері 25 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті.

Жүйелі түрде жүргізілген ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралардың нәтижесінде қылмыс деңгейінің айтарлықтай төмендеуі қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, аса ауыр қылмыстар 28,6%-ға, ауыр қылмыстар12,3%-ға, орташа ауырлықтағы қылмыстар 13,1%-ға, онша ауыр емес қылмыстар 13,3%-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау 26,2%-ға төмендеді.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл саласы бойынша 117 құқық бұзушылық анықталып, заңсыз айналымнан 13 килограмнан астам есірткі заттары тәркіленді.
Киберқылмыс пен интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы бағытта 9 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, олардың барлығы ашылды.
Кеңес барысында алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалды. Олардың қатарындағы «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңды іс жүзінде жүзеге асыру айырықша маңызды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне де ерекше назар аударылды, әсіресе кәмелетке толмағандар арасында профилактикалық жұмысты күшейту қажеттігі баса айтылды.

Қорытындылай келе, Қ. Мәжікенов орын алған кемшіліктерді атап өтіп, оларды жою үшін нақты шаралар қабылдауды талап етті. Сонымен қатар, аппарат қызметтері мен Департамент бөліністерінің басшыларына көлік инфрақұрылымы нысандарында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін жүктеді.