Көлік полициясы: жыл басынан бері пойыз терезелерін сындырудың 12 фактісі тіркелді

Көлік полициясы: жыл басынан бері пойыз терезелерін сындырудың 12 фактісі тіркелді

Көліктегі ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Марат Дубаевтың айтуынша, жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамастан, теміржол жиегінде  ойнау, жылжымалы құрамға тас лақтыру, рельстердің үстіне бөгде заттар қою сияқты әрекеттер әлі де жалғасуда. Әсіресе, мұндай заңсыздықтардың ересектердің тиісті бақылауынсыз қалған балалардың қолымен жасалуы полиция қызметкерлерін алаңдатып отыр.

Мәселен, «Қызылсай–Манкент» аралығында белгісіз тұлғалар тас лақтырып, электровоз кабинасының әйнегін сындырған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Шымкент станциясындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері үш кәмелетке толмаған жасөспірімді анықтады. Олар ата-анасының көзінше өз кінәларын мойындады.

«Тексеру барысында жасөспірімдердің теміржол маңында ойнағандары және ықтимал зардаптарын түсінбей, қауіпті әрекетке барғандары белгілі болды. Тәртіп сақшылары олармен теміржол көлігі нысандарында қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидалары бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, олардың ата-аналары балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағандары үшін жауапкершілікке тартылды», – деді М. Дубаев.

Оның айтуынша, бұл бір ғана мысал. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Департаментте жолаушылар пойыздары терезелерін сындырудың 12 фактісі тіркелген. Оның басым бөлігі Алматы, Шымкент, Қарағанды және Шу станциялары учаскелерінде орын алған.

«Мұндай әрекеттерді жай ғана балалардың еркелігі деп қарастыруға болмайды. Бұл пойыз қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер етіп, жолаушылар мен пойыз бригадалары жұмысшыларының өміріне қауіп төндіретін жәйт. Жылжымалы құрамның немесе инфрақұрылымның жұмысына кез келген кедергі жасаудың соңы ауыр зардаптарға әкелуі әбден мүмкін. Осыған сәйкес, азаматтарды көлік инфрақұрылымы нысандарында болған кезде қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға шақырамыз», – деп атап өтті ол.