Көлік полициясы лаңкестік әрекеттер туралы жалған хабарламалар үшін жауапкершілікті еске салды

Көлік полициясы лаңкестік әрекеттер туралы жалған хабарламалар үшін жауапкершілікті еске салды

Бүгін Астана қаласының әуежайында Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында терроризм актілері туралы көрінеу жалған хабарламалардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шара өткізді.
Іс-шараның мақсаты — құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтарды құқыққа қарсы әрекеттердің салдары туралы дер кезінде хабардар ету, сондай-ақ көлік нысандарында жауапты мінез-құлық қалыптастыру.
Астана қаласы әуежайындағы Көліктегі полиция басқармасы бастығының орынбасары Темир Аймухановтың айтуынша, соңғы уақытта тексеру кезінде Авиацилық қауіпсіздік қызметі инспекторларының «Қол жүгінде не бар?» деген сұрағына жолаушылар әзілдеп, «бомба» немесе «граната бар»деп ойланбастан жауап беретін жағдайлар жиілеген.
Оның айтуынша, көлік инфрақұрылымы тіршілікті қамтамасыз ететін объектілерге жатады, әрі бұл жолаушылар ағыны бір сәтке толастамайтын, адамдар көп шоғырланатын жерлер. Сондықтан тыйым салынған сөздер айтылған кезде дереу дабыл жарияланып, жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіледі. Тіпті, бір ғана жалған хабарламаның өзі үлкен әбігерге салады, яғни, құқық қорғау органдары объектіні қоршауға алып, адамдар эвакуацияланады, барлық жедел қызметтер жұмылдырылады. Соның салдарынан рейстердің ұшуы кешіктіріледі, әуежайлар мен теміржол вокзалдарының жұмысы бір сәтке кідіріп қалады. Осыған орай, біз азаматтарды сөздері мен әрекеттеріне барынша жауапкершілікпен қарауға, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз және «орынсыз әзілдің» соңы құқықтық және қаржылық салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертеміз.
«2025 жылы Көліктегі ПД-де ҚР ҚК-нің 273-бабы, яғни, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама бойынша 27 факт тіркелді, олардың 8-інде жолаушылар әзілдеп, қол жүгінде «жарылғыш зат» бар екенін хабарлаған. Барлық құқықбұзушылар заң шеңберінде жауапқа тартылды.
Осы жылдың басынан бері осындай әрекеттері үшін 7 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тікелей қауіп тудыру немесе халықты қорқыту ниетінің болмауына байланысты оларға қатысты қылмыстық істер қозғалған жоқ», — деді Департаменттің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Евгений Джура.
Тәртіп сақшылары мұндай жағдайлардың ара-тұра орын алатынын айтты. Көп жағдайда жолаушылар өз әрекеттерінің қаншалықты зиянды екенін түсінбейді, соның салдарынан сотта өкініш білдіріп жатады.
Іс-шара барысында көлік полицейлері әуежайдағы қоғамдық тәртіпті бақылады, рапискан құрылғылары арқылы тексеру жүргізілді, ал Кинологиялық қызмет орталығының қызметтік-іздестіру иттері жүк бөлімдерін, сақтау камераларын және күту залдарын тексерді. Сонымен қатар жолаушылар мен шығарып салушыларға профилактикалық маңызы бар ақпараттық жадынамалар таратылды.

 

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін қылмыстық— бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, немесе бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасықарастырылғанын еске саламыз. Сондай-ақ, сот шешімі бойынша кінәлілер жалған шақыру салдарынан жұмсалған жедел қызметтердің барлық шығындарын толық өтеуге міндетті.