
«Шаңырақ» күні Көліктегі полиция департаменті көп жылдар бойы тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан ардагерлердің отбастарын дәріптеуге бағытталған тағылымды іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шара аясында Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Оңдасын Аштаев пен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есболат Шаймерденов ішкі істер органдарының ардагерлері, отставкадағы полиция полковнигі Бейсенғали Душкаев пен отставкадағы полиция подполковнигі Алдоңғар Терлікпаевтың шаңырағына арнайы барып, олардың ұзақ жылдық өнегелі отбасылық өмірімен етене танысып, құрмет көрсетті.
Кездесу шынайы әрі жылы атмосферада өтті. Бүгін де зейнеткер атанған ардагерлер өмір жолдары, қызметтегі тәжірибесі мен отбасы құндылықтары туралы тағылымды әңгімелер айтып, естеліктермен бөлісті. Оңдасын Аштаев Департамент басшылығы атынан ардагерлерді мерекемен құттықтап, сый-сияпат табыстап, оларға зор денсаулық, ұзақ өмір және отбасылық бақыт тіледі. Сонымен қатар, олардың қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында сіңірген адал еңбектері мен сүбелі үлесі ерекше атап өтілді.
Мәселен, Бейсенғали Айсаұлы пен оның жары Айсұлу Рамазанқызының отасқанына биыл 60 жыл толып отыр. Бұл – бір-біріне деген шексіз сенім мен құрметке, махаббат пен адалдыққа негізделген өнегелі ғұмыр. Тағдыр тоғыстырған қос жүрек өмірдің сан түрлі сынақтарын бірге еңсеріп, берекелі отбасының жарқын үлгісін қалыптастырды. Қызметтің ауыртпалығына қарамастан, Айсұлу апа шаңырақтың ұйытқысы болып, отбасының бірлігі мен татулығын сақтай білді. Олар саналы ұрпақ өсіріп, немере сүйіп, шөбере қызығына кенеліп отырған бақытты ата-әже. Қос қарияның сәулелі өмір жолы – жас отбасылар үшін нағыз үлгі.
Ал Алдоңғар Садуақасұлы пен оның жары Гүлсара Көкешқызы да 56 жыл бойы өзара сыйластықпен ғұмыр кешіп келе жатқан берекелі отбасы. Алдоңғар Садуақасұлы бар ғұмырын құқық қорғау саласына арнап, қатардағы қызметкерден басшылық лауазымдарға дейін көтеріліп, абыройлы еңбек еткен азамат. Ол қызмет барысында өзінің кәсібилігімен, біліктілігімен және принципшілдігімен ерекшелене білді. Зейнетке шықса да әлі күнге дейін жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп келеді. Ал Гүлсара апа отбасының берекесі мен бала тәрбиесіне ерекше мән берген абзал ана әрі отағасының сенімді тірегі бола білген жан. Бүгінде алтын шаңырақ иелері ұрпақ өрбітіп, немере сүйіп отырған өнегелі әулеттердің санатында.
Осындай «алтын шаңырақ» иелері – қоғамдағы тұрақтылық пен бірліктің, отбасы құндылықтарының мызғымас бөлігі. Олардың өмір жолы – кейінгі ұрпаққа тағылым, адалдық пен адамгершіліктің, төзім мен сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.
Кездесу барысында ардагерлер көрсетілген құрмет пен ілтипат үшін ризашылықтарын білдіріп, қызмет сапында жүрген әріптестерінің ауыр да жауапты қызметтеріне сәттілік тіледі. Олар жас буынға, әрдайым адал қызмет етудің мәнін айтудан жалыққан емес. Бұл жолы да антқа адал болудың маңыздылығын жеткізе білді.
Расында, мұндай жылы шырай кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып қана қоймай, отбасы институтының қоғамдағы рөлін арттыруға, өнегелі отбасылардың өмір жолын кеңінен насихаттауға және жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға тәрбиелеуге ықпал етеді.
Кездесу соңында жиналғандар ардагерлермен бірге естелік үшін фотосуреттерге түсті.