«Заң керуені» акциясы аясында Аршалы станциясында халыққа құқықтық кеңес берілді

«Заң керуені» акциясы аясында Аршалы станциясында  халыққа құқықтық кеңес берілді

2026 жылғы 25 ақпанда Ақмола облысының Аршалы станциясында республикалық «Заң керуені» акциясы ұйымдастырылды.  Іс-шараға Аршалы станциясындағы желілік полиция бөлімшесі, Астана көлік прокуратурасы және Аршалы станциясының өкілдері қатысты.

Акция барысында теміржол вокзалы аумағында азаматтарды қабылдау ұйымдастырылып, тұрғындардың өтініштері мен сұрақтарына жауап берілді. Мамандар құқықтық кеңес ұсынып, қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндірді.

Іс-шара «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында өтті. Негізгі мақсат – қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайту, құқық қорғау органдарына деген сенімді арттыру, азаматтарға қолжетімді құқықтық көмек көрсету және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Аршалы станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің бастығы Ерлан Рахимовтың айтуынша, әділетті қоғамның негізі – заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіп.

«Заң керуені» акциясы аясында құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтарды қабылдап, өзекті мәселелерін тыңдады. Тұрғындарға заң талаптары түсіндіріліп, құқықтық кеңес берілді. Көтерілген мәселелер тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп шешілуде», – деді бөлімше бастығы.

Сонымен қатар, акция барысында көтерілген және жедел шешуді талап ететін күрделі мәселелер көлік прокуратурасының бақылауына алынып, жан-жақты зерделенетін болады. Нәтижесінде тиісті шаралар қабылданады.

Республика көлемінде өтіп жатқан акция шалғай елді мекендерде жедел құқықтық көмек көрсетуге бағытталған. Сондай-ақ заңнаманы түсіндіру және азаматтардың заңды құқықтарын жүзеге асыруына қолдау көрсету – негізгі міндеттердің бірі.

Акция аясында тұрғындарға жан-жақты құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тегін құқықтық кеңестер берілді.