Бір айда көлік полицейлері 9 мыңға жуық құқық бұзушылықты анықтады

Бір айда көлік полицейлері 9 мыңға жуық құқық бұзушылықты анықтады

Ағымдағы жылдың қаңтар айында Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері елдің әуе және теміржол көлігі нысандарында 8 756 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде қоғамдық орындарда масаң күйінде жүргені үшін – 649, қоғамдық орындарда тиісу бойынша – 638, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін – 55 және басқа да құқық бұзушылықтар тіркелді.

Қоғамдық тәртіпті бұзудың кезекті дерегі Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлерімен анықталған.

Тексеру барысында 40 және 21 жастағы азаматшалар арасында жанжал туындағаны белгілі болды. Оқиғаның туындауына қоғамдық орында ақша сұрап, тиісу әрекеті себеп болған. Кейін жанжал ұлғайып, екі тарап бір-біріне балағат сөздер айтқан.

Тексеру қорытындысы бойынша көлік полицейлері әкімшілік материалдарды рәсімдеп, сотқа жолдады.

Сот шешімімен 40 жастағы әйел ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Ал 21 жастағы құқық бұзушыға қатысты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 5 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалып, сондай-ақ қоғамдық орында тиісу дерегі бойынша 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Айта кету керек, аталған құқық бұзушы бір жыл ішінде қоғамдық орында тиісу фактісі бойынша екінші рет жауапкершілікке тартылып отыр.

 

Көліктегі полиция департаменті қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық орындарда өзара құрмет көрсету әрбір азаматтың міндеті екенін еске салады.