
Көкшетау станциясындағы Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері ішкі істер органдарының ардагері, отставкадағы полиция подполковнигі Сейілов Серік Жанайұлының 90 жасқа толуына орай арнайы барып, құрмет көрсетті.
Сейілов Серік Жанайұлы – саналы ғұмырын ел тыныштығын сақтауға, құқықтық тәртіпті нығайтуға арнаған, ішкі істер органдары жүйесінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан ардагер тұлға. Оның өмір жолы адал қызметтің, жоғары жауапкершілік пен адамгершіліктің жарқын үлгісі болып табылады.
Ардагердің балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Әкесі майданға аттанған кезеңде ол Зеренді ауданында бастауыш сыныпта оқи жүріп, тылдағы ауыр еңбекке ерте араласты. Демалыс күндері егіс алқаптарында жұмыс істеп, ел еңсесін тіктеуге өз үлесін қосты. Кейін Зеренді ауданындағы Айдабол ауылында орта білім алып, Алматы қаласындағы тауартанушы мектебін тәмамдады.
1956–1959 жылдары әскери борышын Беларусь жерінде өтеп, партияның жоғары мектебін аяқтады. Ұқыптылығы мен жауапкершілігінің арқасында штабта құпия іс жүргізу қызметіне тағайындалып, бұл кезең оның болашақ қызмет жолына берік негіз қалады.
1962 жылы аудандық партия комитетінің жолдамасымен Зеренді аудандық ішкі істер бөліміне аға жедел уәкіл болып қабылданып, ішкі істер органдарындағы саналы ғұмырын бастады. Қызмет барысында көптеген күрделі қылмыстарды ашуға қатысып, кәсіби шеберлігімен ерекшеленді.
1969 жылы Көкшетау облыстық ішкі істер басқармасына ауысып, сырттай Қарағанды жоғары милиция мектебін бітірді. Ал 1973 жылы КСРО ІІМ жанындағы Көліктегі Шығыс ішкі істер басқармасы жүйесінде Көкшетау станциясындағы желілік ішкі істер бөлімшесінің бастығы қызметіне тағайындалды.
Бұл жылдар Серік Жанайұлының қызметтік жолындағы ең жауапты әрі жемісті кезең болды. Оның басшылығымен бөлімшенің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа ғимаратқа көшірілді, кадрлық құрам жаңартылды. Осы бөлімнен 16-ға жуық полковник пен 1 генералдың тәрбиеленіп шығуы – ардагердің білікті басшы әрі тәлімгер болғанының айқын дәлелі.
30 жылдан астам мінсіз қызметі үшін Серік Жанайұлы бірқатар мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды. Олардың қатарында «Милицияға 50 жыл», ішкі істер органдарында мінсіз қызметі үшін I, II, III дәрежелі медальдар, «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл», «Қазақстан полициясына 25 жыл» төсбелгілері бар.
Зейнетке шыққаннан кейін де ардагер қоғамдық өмірден қол үзбей, ұзақ жылдар бойы Көкшетау станциясындағы желілік полиция бөлімінің ардагерлер кеңесіне төрағалық етіп, жас қызметкерлерге тәлімгерлік жасады.
Мерейтой иесін құттықтауға Көкшетау станциясындағы Желілік полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Е.Б. Рахимов, бөлім бастығының жеке құраммен жұмыс жөніндегі орынбасары полиция майоры И.Г. Тасмаганбетов арнайы барып, жылы лебіздерін білдірді.
Сонымен қатар, Серік Жанайұлына ерекше құрмет көрсету мақсатында Астана қаласынан арнайы келген Көліктегі полиция департаментінің өкілдері де ардагердің шаңырағында болды. Көліктегі полиция департаментінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Ж. Шаймерденов, ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары К.К. Жақсылықов, сондай-ақ жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарма бастығының орынбасары, полиция подполковнигі М.Е. Ериков ардагерді 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасына амандық тіледі.
Сондай-ақ, Көліктегі полиция департаментінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Ж. Шаймерденов өз сөзінде: «Серік Жанайұлы – бірнеше буын полиция қызметкерлері үшін нағыз өнеге мектебі. Оның адал қызметі, талапшылдығы мен адамгершілігі бүгінгі жас қызметкерлерге үлгі. Мұндай ардагерлеріміз барда біздің саланың рухани сабақтастығы ешқашан үзілмейді», – деді ол.
Өз кезегінде Серік Жанайұлы көрсетілген құрмет үшін алғысын білдіріп, ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүрген жас буынға ақ батасын берді.
Ардагерге көрсетілген бұл құрмет – өткенге тағзым, бүгінгі ұрпаққа үлгі, болашаққа бағдар. Осындай тағылымды кездесулер жас қызметкерлердің бойында Отанға адал қызмет ету, жауапкершілік пен патриоттық рухты нығайтуға зор ықпал ететіні сөзсіз.