Көлік полицейлері ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған тағылымды іс-шара өткізді

Көлік полицейлері ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған тағылымды іс-шара өткізді

Қазақтың талантты ұл, ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай Қызылорда станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері «Жас сақшы» кадет сыныбының қатысуымен тағылымды мәдени-танымдық іс-шара өткізді. Аталған іс-шара Қызылорда облысы, Шиелі ауданында орналасқан А.С. Пушкин атындағы №46 мектеп-лицейі базасында ұйымдастырылды.

«Іс-шараның басты мақсаты – кадет сыныбы оқушылары мен қызметкерлер арасында Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, ақын поэзиясының терең мағынасын ұғындыру.  Ақынның сан алуан тақырыптағы өлеңдеріне бүгінде ел игілігіне айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Біздің де көздегеніміз - ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу болды», - деді Қызылорда станциясындағы ЖПб бастығы Дәурен Қожабергенов.

Кездесу барысында оқушыларға Мұқағали Мақатаевтың өмір жолы мен бай шығармашылық мұрасы, оның қазақ әдебиеті мен ұлттық рухани құндылықтардың дамуына қосқан өлшеусіз үлесі туралы кеңінен мағлұмат берілді.

Іс-шара аясында жасөспірімдерді отансүйгіштікке тәрбиелеу, ұлттық мәдениетке, ана тіліне және ел тарихына деген құрметті қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Оқушылар ақынның жүрекке жететін өлеңдерін мәнерлеп оқып, мазмұнды пікір алмасуға белсенді қатысып, шығармалардан алған әсерлерімен бөлісті.

Сонымен қатар, Мұқағали Мақатаев поэзиясының тәрбиелік мәні, оның адамгершілік, елге деген сүйіспеншілік, туған жерге тағзым және рухани тазалықты дәріптейтін идеялары кеңінен насихатталды. Бұл өз кезегінде жас буынның рухани дүниетанымын кеңейтіп, көркем сөзге деген қызығушылығын арттырды.

Аталған мәдени-танымдық іс-шара өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайтуға, мемлекеттік тілге деген құрметті арттыруға, сондай-ақ ішкі істер органдары мен білім беру ұйымдары арасындағы өзара ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған маңызды қадам болды.

 

Еске сала кетейік, атақты ақын Мұқағали Мақатаев 1931жылы Алматы облысына қарасты Қарасаз ауылында дүниеге келген. М. Мақатаевтың «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді.