Көлік полицейлері «Қауіпсіз поезд» акциясын өткізді

Көлік полицейлері «Қауіпсіз поезд» акциясын өткізді

«Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Көліктегі ПД-нің қызметкерлері Алматы-1, Қарағанды-Сұрыптау және Астана-1 станцияларындағы желілік бөліністерімен бірлесіп, есірткі қылмыстары мен есірткі құралдарының заңсыз айналымы бойынша құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Қауіпсіз поезд» профилактикалық акциясын өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ азаматтарды есірткі құралдары мен психотроптық заттарды заңсыз тұтыну, сақтау және тасымалдаудың құқықтық салдары туралы ақпараттандыру.

1 ақпанда Алматы-1 станциясының перронында көлік полицейлері жолаушылардың, шығарып салушылар мен жастардың қатысуымен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Акция аясында мамандардың кеңестері ұйымдастырылып, заңға бағынатын мінез-құлықты және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталған ақпараттық және профилактикалық материалдар таратылды.

Бұдан соң, есірткі қылмысына қарсы іс-қимылдың мүмкіндіктерімен жан-жақты таныстыру мақсатында кинологиялық қызмет инспекторларының көрсетілімдік қойылымы өткізілді. Қызметтік-іздестіру иттері иіс имитаторларын қолдану арқылы есірткі заттарын анықтау дағдыларын, сондай-ақ қызметтік командаларды орындау шеберлігін көрсетті.
Құқық бұзушылықтарды бақылауды күшейту және жедел әрекет ету мақсатында полиция қызметкерлері жоғары дәлдіктегі камералармен жабдықталған дрондарды белсенді пайдаланды. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану перрондағы жағдайды бақылауға, ықтимал қауіпті әрекеттерді тіркеуге және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
«Алматы-Қостанай» бағытындағы жолаушылар поезы жөнелтілгеннен кейін көлік сақшылары жол бойында профилактикалық жұмыстар жүргізді. Жолаушыларға қолданыстағы заңнама нормалары түсіндіріліп, есірткі құралдарын қолданудың зияны мен осыған қатысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстар үшін көзделген жауапкершілік туралы ақпарат жеткізілді.
Келесі күні, яғни 2 ақпанда профилактикалық іс-шара Қарағанды-Сұрыптау станциясында жалғасты. Оған полицейлермен қоса теміржол ұйымдарының жұмысшылары, сондай-ақ еріктілер бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Полиция қызметкерлері жолаушылармен, оның ішінде жастармен, есірткі құралдарын қолданудың салдары және олардың денсаулық пен әлеуметтік әл-ауқатқа тигізетін зардабы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Сол күні жолаушылар поезы Астана-1 станциясына келіп тоқтап, профилактикалық іс-шараларды Департаменттің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жалғастырды.
ЕҚҚІБ бастығының орынбасары Шалқар Бейсебековтің айтуынша, мұндай іс-шараларды өткізу есірткі қылмыстарының жүйелі түрде алдын алуға септігін тигізеді.
«Азаматтардың есірткіге тәуелділігі қоғамдық қауіпсіздікке төнетін өзекті қатерлердің бірі. Сондықтан мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның өзара тиімді іс-қимылы мен ықпалдастығы арқылы ғана ғасыр дертіне қарсы тосқауыл қоюға болады», – деді ол.

Жалпы, азаматтар жүргізілген кешенді профилактикалық іс-шараларға түсіністікпен қарап, көлік объектілеріндегі құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған акцияларды барынша қолдайтындарын білдірді.
Айта кету керек, жыл басынан бері көлік полицейлері 23 есірткіге байланысты құқық бұзушылықты анықтап, заңсыз айналымнан 4 кг есірткі тәркіледі.