
Көліктегі полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері Астана қаласындағы №5 гимназияның оқушыларымен кездесу өткізді. Іс-шара «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылып, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталды.
Кездесудің мақсаты — оқушыларды кинологиялық қызметтің есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл және жарылғыш заттарды анықтау бағытындағы қызметімен таныстыру, сондай-ақ оқушылардың құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру.
Кездесу барысында тәртіп сақшылары оқушыларға құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың салдары мен заң талаптарын сақтау, өз құқықтарын жетік білудің маңыздылығын айтты. Бұған қоса, полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқыққа қарсы әрекеттер туралы ақпараттарды жеткізіп, мұндай жағдайлардың алдын алу жолдарын түсіндірді.
Кинологтардың көрсетілімдері балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Қызметтік иттер әртүрлі командаларды орындап, иіс имитаторларын қолдану арқылы іздестіру шараларына қатысты. Көрсетілім барысында полицейдің төрт аяқты көмекшісі есірткі затына тән ұқсас иістер салынған муляжды мүлтіксіз анықтап, ұстаздар мен оқушылардың зор қошеметіне бөленді.
Кинологиялық қызмет орталығының инспекторы Қуаныш Байпақбай қызметтік иттерді даярлау ерекшеліктері мен олардың есірткі құралдары мен жарылғыш заттарды анықтаудағы күнделікті рөлі туралы айтты. Оның айтуынша, қазіргі таңда Департаменттің кинологиялық қызмет орталығында 33 қызметтік-іздестіру иттері бар. Олар ел аумағындағы теміржол және әуе көлігі нысандарында өткізілетін жедел-іздестіру және профилактикалық іс-шараларға тұрақты түрде қатысады.
«2025 жылы қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен 201 есірткіге қатысты құқық бұзушылық, оның ішінде 25 қылмыс анықталып, заңсыз айналымнан 150 кг астам есірткі заты тәркіленді», — деді Қ. Байпақбай.
Оқушылар кинологтармен белсенді әңгімелесіп, олардың жауапты қызметтеріне және қызметтік иттерді үйрету ерекшеліктері жөнінде көптеген сұрақтар қойды. Кездесу жылы әрі жақсы көңіл-күйде өтіп, кинологтар мен олардың сенімді серіктерімен бірге естелік суретке түсумен аяқталды. Бұл жасөспірімдердің ішкі істер органдарының қызметіне деген оң көзқарасын қалыптастыруға ықпал етті.
«Заң және тәртіп — білім беру салаларындағы қауіпсіздіктің негізі. Осындай профилактикалық іс-шаралар оқушылардың құқықтық санасын қалыптастыруға, заңға құрметпен қарауға және қоғамдағы қауіпсіздік қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді», — деді ұйымдастырушылар.
Іс-шара соңында мектеп басшылығы полиция қызметкерлеріне мазмұнды кездесу үшін алғыс білдірді.