«Заң және тәртіп»: «Нұрлы жол» вокзалында «Жолдағы қабылдау» акциясы өтті

«Заң және тәртіп»: «Нұрлы жол» вокзалында «Жолдағы қабылдау» акциясы өтті

Қоғамда құқықтық мәдениетті арттыру және «Заң және тәртіп» идеологемасын ілгерілету аясында Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Бас көлік прокуратурасымен бірлесіп «Нұрлы жол» теміржол вокзал кешені мен «Астана-Жезқазған» бағытындағы жолаушылар поезында «Жолдағы қабылдау» атты ауқымды профилактикалық акция өткізді.

Акция - құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру, сондай-ақ теміржол көлігі нысандарында азаматтардың құқықтық санасы мен жауапты мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталды. Құқық қорғау органдарының өкілдері азаматтармен ашық диалогқа дайын әрі олардың өтініштеріне жедел ден қоюға әзір екендерін көрсетті.
Профилактикалық әңгімелесу барысында полиция қызметкерлері жолаушыларға жеке қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін, оның ішінде жол жүру кезінде ең жиі орын алатын ұрлық қылмыстарынң құрбаны болмауға, яғни ұялы телефондар мен басқа да құнды заттарды қараусыз қалдырмау керектігін еске салды.

«Біздің міндетіміз - әрбір азаматқа соның ішінде жолаушылар мен көлік инфрақұрылымы қызметкерлеріне қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау», - деді Көліктегі ПД Анықтау басқармасының бастығы Бауыржан Садықанов. Ол вокзалдар мен әуежайларға, сондай-ақ поезд вагондары мен әуе кемелерінің салондарына атыс қаруын, оқ-дәрілерді, кастеттерді, пышақтарды, пиротехникалық бұйымдарды және өзге де қауіпті заттарды алып кіруге қатаң тыйым салынғанын, өйткені олар азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіретінін айтты.

Сонымен қатар көлік прокуратурсының өкілдері жолаушыларға қырағылықты арттыруға бағытталған ақпараттық брошюралар мен буклеттер таратты. Бұл материалдарда көліктегі қауіпсіздік ережелері мен құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары туралы мәліметтер қамтылған. Сондай-ақ әуе және теміржол көлігі нысандарында тыйым салынған заттарды сақтау, тасымалдау және беру құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатыны көрсетілген.

Іс-шара қорытындысы бойынша, прокуратура және полиция өкілдері көліктегі тиісті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз етуге - құқық қорғау органдары мен азаматтардың арасындағы тығыз өзара іс-қимыл мен белсенді азаматтық ұстаным арқылы қол жеткізуге болатынын атап өтті. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында қоғамда қауіпсіздік пен әділеттілік қамтамасыз етіліп, «Заң және тәртіп» қағидаты жүйелі түрде іске асырылмақ.