Көліктегі ПД 2025 жылғы жедел-қызметтік жұмысын қорытындылады

Көліктегі ПД 2025 жылғы жедел-қызметтік жұмысын қорытындылады

Көліктегі полиция департаментінде 2025 жылғы жедел-қызметтік жұмыс қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалған кеңейтілген кеңес өтті. Оған Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Адилов, Департаменттің басшы құрамы, аппарат қызметтері мен желілік бөліністердің басшылары қатысты.

Көліктегі ПД бастығының міндетін атқарушы Құрмет Мәжікенов өз сөзінде 2025 жылы көлік полицейлері құқық бұзушылықтардың алдын алуға және көлік инфрақұрылымы объектілерінде қауіпсіз орта құруға, сондай-ақ азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған кешенді алдын алу іс-шараларының жүзеге асырғанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес «Заң және Тәртіп» қағидаты негізінде құқықтық тәртіпті сақтауға баса назар аударылды.
Осылайша, өткен жылы Департаменттің жедел қызмет көрсету аумағында 1 196 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, олардың ашылу деңгейі 74,7% құрады. Сонымен қатар, 89 мыңнан аса әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Жүйелі жүргізілген ұйымдастырушылық-практикалық іс-шаралардың нәтижесінде қылмыстардың саны айтарлықтай төмендеді, айталық, аса ауыр қылмыстар - 46,2%, орташа ауырлықтағы қылмыстар - 30,1%, алаяқтық - 33,3%, интернет-алаяқтық - 30%, бөтен мүлікті ұрлау - 36,9% азайды. Зорлау және тонау санатындағы ауыр қылмыстарға жол берілген жоқ. Есірткі қылмыстарына қатысты 367 құқық бұзушылық анықталып, нәтижесінде 794 кг-нан астам есірткі заттары тәркіленді. Сонымен қатар, 89 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар биылғы жылы да қарқынды жалғасатын болады.

Өз кезегінде Ішкі істер министрінің орынбасары С. Адилов жеке құрамға Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің ІІМ Алқасының кеңейтілген отырысында жүктеген негізгі талаптары мен тапсырмаларын жеткізді.

Ол 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланғанын айтты. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес цифрландыру мен жасанды интеллект мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың негізгі құралдарына айналып, ішкі істер органдарының қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жаңа деңгейге көшуіне ықпал етуі тиіс», - деді.

Ішкі істер министрінің орынбасары биылғы жылды Ішкі істер министрі «Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жылы» деп жариялағанын да атап өтті. Осыған байланысты ол кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, әсіресе есірткі заттарымен байланысты қылмыстардың алдын алу, жалпы жасөспірімдердің қылмысының жолын кесу үшін профилактикалық жұмыстарды ұдайы жүргізудің маңыздылығын ескертті. Сондай-ақ ол тергеудің тиімділігіне және барлық тергеу әрекеттерінің сапалы жүргізілуіне назар аударды.

Бұдан соң, бірқатар желілік бөліністер басшыларының есептері тыңдады. Сонымен қатар, кеңесте кадр саясатын жетілдіру және жеке құрамның қызметтік-жауынгерлік даярлық деңгейін арттыру мәселелері қаралды. Тәртіп пен заңдылықты сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмысты күшейту және ішкі істер органдарының беделіне нұқсан келтіретін кез келген заң бұзушылықтарға бұлтартпас шаралар қолдану мәселелері жан-жақты талқыланды.

Жедел кеңесті қорытындылай, көлік полициясының жеке құрамы жұмысының тиімділігін арттыруға, бөтеннің мүлікін ұрлау, алаяқтық, ұйымдасқан қылмыстар мен есірткі қылмыстары мен киберқауіптерге байланысты қылмыстарды ерте анықтап, жолын кесуге басымдық берілетінін айтты. Сонымен қатар, ол басшыларға өткен жылы жіберілген кемшіліктерді көрсетіп, қызмет көрсету нысандарында құқықтық тәртіпті барынша нығайту мақсатында нақты тапсырмалар берді.