Көлік полицейлері есірткі курьерін ұстады: сот шетел азаматын 15 жылға бас бостандығынан айырды

Көлік полицейлері есірткі курьерін ұстады: сот шетел азаматын 15 жылға бас бостандығынан айырды

Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесі «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ірі көлемдегі есірткі жеткізудің жолын кесті. «Пхукет–Алматы» әуе рейсі ұшып келгеннен кейін халықаралық келу залында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 42 жастағы Үндістан азаматы анықталып, ұсталды. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов айтты.

Оның айтуынша, құқық бұзушының багажын тексеру кезінде полиция қызметкерлері жалпы салмағы 2 кг 995 грамм болатын марихуана есірткі затын тауып, тәркіледі. Аталған дерек бойынша көлік полицейлері сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізді.

«Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты шетел азаматын кінәлі деп танып, оны 15 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті», - деді М.Айтуғанов.

 

Айта кетейік, 2025 жылдың 11 айында Көліктегі ПД 347 есірткі құқық бұзушылығын анықтады. Оның ішінде 52  сату фактісі, 19  аса ірі көлемде сақтау, 2  трансұлттық қылмыстық топ құру, сондай-ақ 12  контрабанда фактісі.

Заңсыз айналымнан жалпы 781 кг-нан астам есірткі заттары тәркіленді.