Ағымдағы жылдың басынан бері Көліктегі полиция департаментінде пойыздардың шұғыл тежелуінің 1585 дерегі тіркелді. Оның 293-іне адамдардың жолда болуы, 1246-сына үй жануарлары және басқа да себептер түрткі болған. Темір жолды белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін 41 881 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оқиғалардың алдын алу мақсатында Көліктегі ПД қызметкерлері темір жол өкілдерімен бірлесіп тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Алайда қабылданып жатқан шараларға қарамастан, темір жолда жарақат алу жағдайлары әлі де орын алуда.
Өткен кезеңде 66 адам пойыздың астына түсті, олардың жартысынан көбі көз жұмған. Зардап шеккендердің арасында кәмелетке толмағандар мен жас балалар бар. Оқиғалардың басты себебі – қауіпсіздік талаптарын елемеу және тыйым салынған жерден жолды кесіп өту әрекеті.
Соңғы тәулікте Қызылорда және Жетісу облыстарында екі факті тіркелді. Екі жағдайда да адамдар рұқсат етілмеген жерден өтпек болған. Машинистер дер кезінде әрекет етіп, қайғылы жағдайдың алдын алды. Көлік полицейлері құқық бұзушыларды жауапкершілікке тартты.
Темір жол – аса қауіпті аймақ, онда кез келген ережені бұзу қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Естеріңізге саламыз: жолды кесіп өту тек арнайы жабдықталған жерлерде ғана рұқсат етіледі.