Көлік полицейлері Алматы әуежайында қымбат смартфондарды ұрлау әрекетінің жолын кесті

Көлік полицейлері Алматы әуежайында қымбат смартфондарды ұрлау әрекетінің жолын кесті

2025 жылғы 15 қыркүйекте Алматы қаласы әуежайындағы Көліктегі полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері бұрын сотталған 27 жастағы қала тұрғынын анықтап, ұстады. Ол қызметтік жағдайын пайдалана отырып, құны қымбат мобильді телефондарының ұрлығымен айналысқан.

Ұсталған азамат әуе компаниялардың бірінің жүк бөлімінде жұмыс істей жүріп, ағымдағы жылдың мамыр және шілде айлары аралығында Стамбұлдан жүк ағынымен келетін әйгі марканың смартфондарын жүйелі түрде ұрлап отырған. Көлік полицейлерінің жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары мен кәсіби біліктілігінің арқасында баукеспе ұрының қылмыстық әрекетіне тосқауыл қойыллы.

Жалпы 33 мобильді телефон ұрланғаны анықталды. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 7 664 315 теңгені құрады. Сотқа дейінгі тергеу барысында залал толық көлемде өтелді.

Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

 

Көліктегі полиция департаменті көлік инфрақұрылымы нысандарындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтар мен ұйымдардың мүлкіне қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды жалғастыруда.