«Қарасора-2025»: көлік полицейлері 3 млрд 150 млн теңге көлеміндегі есірткі арнасының жолын кесті

«Қарасора-2025»: көлік полицейлері 3 млрд 150 млн теңге көлеміндегі  есірткі арнасының жолын кесті

«Заң және тәртіп» қағидасын іске асыру аясында Көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсету аумағында 1 маусым мен 31 қазан аралығында «Қарасора-2025» атты кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілді.

Іс-шара қорытындысы бойынша көлік полицейлері 159 есірткіге қатысты құқықбұзушылықты анықтады. Оның ішінде 2 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құру фактісі, есірткіні сатудын 22 фактісі, аса ірі мөлшерде сақтаудың 8 фактісі, 4 есірткі контрабандасы, есірткі затын жарнамалау және насихаттаудың 2 фактісі, 7 есірткі затын өсіру  фактісі тіркелді.

Заңсыз айналымнан 705 кг астам есірткі заты тәркіленді. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Мадияр Айтуғанов мәлімдеді.

Департамент қызметкерлерінің тиімді жұмысының мысалы ретінде Тараз қаласының 40 жасар тұрғынынан 239 кг марихуана тәркілеу дерегін атап өтуге болады.

Сондай-ақ Жамбыл облысында да ұқсас факт тіркелді: ер адамның үйінің ауласынан полиция қызметкерлері өсімдік тектес есірткі заттың 164 түбін тауып, тәркіледі. Тәркіленген заттың жалпы салмағы 96 килограмды құрады.

Синтетикалық есірткіні жою жөніндегі мемлекеттік саясат назардан тыс қалмауда. Жедел іс-шаралар барысында көлік полицейлері 105 кг «мефедрон» синтетикалық есірткісін тәркіледі. Тергеу барысында ұсталғандардың мақсаты есірткі заттарын «қара нарықта сату» екені анықталды.

Нәтижесінде көлік полицейлерінің жедел іс-қимылының арқасында 3 млрд 150 млн теңге көлеміндегі есірткі тасымалы мен сату арнасы жойылды.

Көлік нысандарында есірткі қылмысына қарсы жүйелі және мақсатты жұмыс жалғасуда.