Көліктегі ПД-де Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Көліктегі ПД-де Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Бүгін Көліктегі полиция департаментінде ұлттық мереке - Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Акт залында Департамент басшылығы, жеке құрам және ішкі істер органдарының ардагерлері жиналды.

Салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаумен басталды.

Көліктегі ПД-нің бастығы жиналғандарды ұлық мерекемен құттықтай келе: «Бұл мереке – батыр бабаларымыздың сан ғасырлық арман-мұраты мен табанды күресінің жемісі. Сондай-ақ, ол - Отанын шексіз сүйетін, туған елінің тыныштығын қорғау сапында жүрген әрбір азамат үшін айрықша мәнге ие. Өйткені, әлемде бейбітшілікті сақтап, өз халқына адал қызмет етуден жоғары миссия жоқ. Бұдан былай да көлік полицейлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы қызметтерін абыройлы атқаратындығына сенім білдіремін», - деді еліміздің бас көлік полицейі. Ол сондай-ақ, мерекелік басқосуға арнайы шақырылған ішкі істер органдарының ардагерлеріне осы салада талай жыл еңбек етіп,  бүгін де жас мамандарды патриоттық рухта тәрбиелеуге  зор үлес қосып жүргендері үшін алғысын білдірді. Департамент бастығы әріптестеріне мықты денсаулық, отбасылық бақыт пен жауапты қызметтеріне сәттілік  тіледі.

Айтулы мерекеге орай және қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғандары үшін көлік полициясының 120 қызметкері мен ішкі істер органдарының ардагерлері ҚР ІІМ мен Көліктегі ПД-нің ведомстволық медальдарымен, төсбелгілерімен, грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды.

Іс-шараның соңы жеке құрамның шығармашылық күшімен дайындалған мерекелік концертіне ұласты. Концерт барысында Отанға арналған патриоттық әндер шырқалды.