«Франкфурт – Астана» бағытындағы әуе рейсі ұшып келген соң, ұшақ бортында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған шетел азаматы акт бойынша әуежайдағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлеріне тапсырылды.
Көлік полицейлері 48 жастағы Германия азаматының әуе кемесінің бортында алкогольдік масаң күйде болғанын, агрессивті мінез-құлық танытып, балағат сөздер айтып, экипаж мүшелерінің заңды талаптарына бағынбағанын анықтады.
Құқықбұзушы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің үш бірдей бабы бойынша жауапкершілікке тартылды, яғни алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу, ұсақ бұзақылық жасау, сондай-ақ әуе кемесіндегі мінез-құлық қағидаларын бұзу.
Көліктегі полиция департаменті ескертеді: заң бәріне ортақ. Әуе кемелерінде және көлік инфрақұрылымы нысандарында тәртіп сақтау – әрбір адамның азаматтығына қарамастан, міндеті болып табылады. Қоғамдық тәртіпті бұзу – жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігіне қатер төндіреді және ҚР заңнамасына сәйкес қатаң жауапкершілікке әкеледі.