Көлік полициясында 2025 жылдың 9 айындағы жедел- қызметтің қорытындылары шығарылды

Көлік полициясында 2025 жылдың 9 айындағы жедел- қызметтің қорытындылары шығарылды

Көліктегі полиция департаментінде 2025 жылдың 9 айындағы жедел-қызметінің қорытындылары талқыланып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттары айқындалған кеңейтілген мәжіліс өтті. Оған Департамент басшылығы, аппарат қызметтерінің бастықтары, сондай-ақ онлайн форматта қосылған аумақтық бөліністердің басшылары қатысты.
Жиынды ашқан Көліктегі ПД-нің бастығы ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысында ішкі істер министрі қойған негізгі міндеттерді жеке құрамға жеткізді. Атап айтқанда, құқық бұзушылықтардың алдын алу іс-шараларын күшейту, есірткі қылмыстарына, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, көші-қон бақылауын арттыру және көлік инфрақұрылымы нысандарында тасымалданатын жүктердің сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бар.
«Ең алдымен, бұл – «Заң және Тәртіп» қағидаты мен кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» саясатын нығайту, сондай-ақ әуе және теміржол көлігі нысандарында қылмыстардың алдын алу мен оларға қарсы іс-қимыл бойынша жедел-іздестіру және профилактикалық іс-шараларды жандандыру», — деп атап өтті ол.
Есепті кезең ішінде жедел қызмет көрсету аумағында 960 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Қылмыстардың ашылу деңгейі 78,7%-ды құрады.
Жалпы, көліктегі қылмыстардың 41%-ы бөтеннің мүлкін ұрлаумен байланысты, бүгінгі күні олардың саны 37,3%-ға азайып, ашылуы жақсарды.
Есірткі қылмыстарына қатысты 288 құқық бұзушылық анықталып, олардың ашылу деңгейі 98,4%-ды құрады. Заңсыз айналымнан 715 кг жуық есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде синтетикалық есірткі - 115 кг.
Бұған қоса, 70 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 3 619 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың 852-сі ел аумағынан шығарылды.
Сондай-ақ, басқосуда Департаменттің жеке құрамы арасындағы тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселелері де кеңінен қаралды.
Жиынды қорытындылаған бас көлік полицейі, жеке құрамның алдағы кезеңдегі басты міндеттері – көліктегі қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету екенін нықтап айтты. Сонымен қатар, ол әрбір басшыдан қызметтік міндеттерін барынша адал атқарып, жоғары кәсіби біліктілік пен терең жауапкершілік танытуды талап етті.