Ағымдағы жылдың басынан бері Көліктегі полиция департаментімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабы, яғни «Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау» бойынша 64 дерек тіркелді.
Әуе және теміржол көлігі нысандарында жиілеп кеткен «әзіл үшін жасалған жалған терроризм» фактілері ерекше алаңдаушылық тудыруда. Мұндай құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін 40 адам анықталып, ұсталды.
Мәселен, соңғы тәулікте Ақтөбе қаласының әуежайында орын алған оқиға кезінде жергілікті тұрғын пошта бөлімшесі арқылы сәлемдеме жіберу барысында тыйым салынған заттардың бар-жоғы туралы стандартты сұраққа жауап ретінде «бомба бар» деп әзілмен жауап берген. Тексеру нәтижесінде жарылғыш заттар табылған жоқ. Аталған азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
Азаматтарды мұндай мәлімдемелердің cалдарының қаншалықты қауіпті екенін жете түсінуге шақырамыз. Аталған сипаттағы «әзілдер» құқық бұзушының өзіне ғана емес, айналасындағыларға да айтарлықтай зиян келтіріп, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Көлік полицейлері терроризм актісі туралы жалған хабар бергені үшін қатаң жауапкершілік қарастырылғанын тағы бір мәрте еске салады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не осы мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, не бес жылға дейін бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сонымен қатар, соттың шешімі бойынша кінәлі тұлғалар жалған шақыртулар салдарынан жұмсалған шұғыл қызметтердің барлық шығындарын толық көлемде өтеуге міндеттеледі.