2025 жылдың басынан бері Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері теміржол жолақтарын белгіленбеген жерден кесіп өткен 37 686 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Мұндай құқықбұзушылықтар теміржол инфрақұрылымындағы қайғылы оқиғалардың басты себептерінің бірі болып отыр.
Мәселен, осы жылдың тоғыз айында пойыздардың 1441 рет шұғыл тежелу жағдайы тіркелді. Оның 274-інде теміржол бойында адамдар жүрген, ал 1127 жағдайда үй жануарлары және басқа да кедергілер себеп болған. Халықпен тұрақты түрде жүргізіліп жатқан алдын алу шараларына қарамастан, жарақат алу жағдайлары әлі де жалғасуда. Ағымдағы кезеңде пойыздың астына 55 адам түсіп, олардың жартысына жуығы қайтыс болған. Өкінішке қарай, зардап шеккендердің арасында кәмелетке толмағандар мен жас балалар да бар.
Негізгі қауіп факторларының қатарында: белгіленбеген жерден өту, мас күйде болу, сондай-ақ қауіп-қатері жоғары аймақта қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемеу жатады.
Тек өткен демалыс күндері ғана Астана, Тараз, Қызылорда және Шымкент станцияларында бес бірдей қауіпті жағдай тіркелді. Барлық оқиғада азаматтар теміржолды белгіленбеген жерлерден кесіп өткен. Машинистер жедел әрекет етіп, қайғылы жағдайдың алдын алды. Барлық құқықбұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Көлік полицейлері мен теміржол мекемелері бірлесіп, халық арасында алдын алу және түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Алайда, қауіп-қатерді түбегейлі азайту тек азаматтардың қауіпсіздік ережелерін саналы түрде сақтауымен мүмкін болады.
«Теміржол — аса қауіпті аймақ. Жолды тек арнайы жабдықталған жерлерден ғана өтуге болады. Бұл ережелерді елемеу өміріңізге қауіп төндіруі мүмкін», — деп еске салды полицейлер.