Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша белсенді жұмыстарын жалғастыруда. «Заң және тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету және мемлекеттің есірткіге қарсы саясатын іске асыру шеңберінде заңсыз айналым арналарының жолын кесуге бағытталған күнделікті жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов айтты.
Ағымдағы жылдың 9 айында көлік полицейлері 298 есірткіге қатысты құқық бұзушылықты тіркеді. Атап айтқанда: 2 халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топты құру фактісі, 48 есірткі сату дерегі, 17 аса ірі көлемде сақтау фактісі, 8 контрабанда, 7 есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру фактісі.
Заңсыз айналымнан 715 келіден астам есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде 114 келісі – синтетикалық есірткілер.
Атқарылған жұмыстың нақты мысалдары:
- Тараз қаласында 40 жастағы тұрғынның үй ауласынан өсірілген 239 келі марихуана тәркіленді.
- Ақмола облысының Степняк қаласында 50 жастағы азаматтан 472 түп марихуана табылып, салмағы 69 келіден асты.
- Жамбыл облысында 77 жастағы зейнеткерден 174 түп марихуана тәркіленіп, жалпы салмағы 96 келіден жоғары болды.
Синтетикалық есірткілерге қарсы күрес – басты назарда.
Мәселен, Қыркүйек айында Алматы қаласында көлік полицейлері жеке фирма директорын ұстады. Оның автокөлігін тінту барысында 500 граммға жуық «мефедрон» есірткі заты табылды. Алдын ала деректер бойынша, есірткі қара нарықта сатуға арналған болған. Жойылған арнаның қара нарықтағы құны 36,5 миллион теңгеден асты.
«Біз көлік саласындағы есірткі қылмысына қарсы жүйелі жұмыстарымызды жалғастырамыз. Алдағы уақытта да жеткізу арналары мен логистикалық маршруттарды анықтап, ұйымдастырушылар мен таратушыларды жауапкершілікке тартуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл – азаматтардың қауіпсіздігі мен ел болашағы үшін ортақ міндетіміз», – деді
М.Айтуғанов.
Көліктегі полиция департаменті ескертеді: Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне сәйкес, аса ірі көлемде есірткі сақтау және тасымалдау үшін 3 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру, не өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.