Ағымдағы жылдың басынан бері Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері жолаушылар пойыздарында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Тоғыз ай ішінде өткізілген рейдтер мен жедел-алдын алу шаралары нәтижесінде әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 531 жолаушы пойыздан түсірілді.
Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі алкогольдік ішімдіктер ішу және қоғамдық орындарда масаң күйінде жүрумен байланысты — мұндай 496 жағдай тіркелген. Сонымен қатар, ұсақ бұзақылықтың 15 дерегі және басқа да құқық бұзушылықтар анықталды.
Мұндай құқық бұзушылықтардың бір мысалы — «Алматы – Астана» бағытындағы пойызда орын алған оқиға. Пойыз бастығының актісімен Шу станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері Жетісу облысының 37 және 42 жастағы екі тұрғынын түсіріп алды. Олар мас күйде болып, балағат сөздер айтып, түнгі уақытта жолаушылардың тыныштығын бұзған.
Құқық бұзушылар бірден бірнеше бап бойынша жауапкершілікке тартылды: қоғамдық орында алкоголь ішу, ұсақ бұзақылық және тыныштықты бұзу. Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша материал процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Көліктегі полиция департаменті пойыздарда қоғамдық тәртіпті сақтамау әкімшілік жауапкершілікке, соның ішінде айыппұл салуға немесе қамауға әкеп соғатынын ескертеді.