Ағымдағы жылдың басынан Көліктегі ПД-де ұшақ бортында жасалған 470-ке жуық құқық бұзушылық тіркелді

Ағымдағы жылдың басынан Көліктегі ПД-де ұшақ бортында жасалған 470-ке жуық құқық бұзушылық тіркелді

Ағымдағы жылдың басынан Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері әуе кемелерінің бортында жасалған 466 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Барлық құқықбұзушылар заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Олардың басым көбі яғни – 282-сі қоғамдық орындарға масаң күйде келумен байланысты, ал әуе кемесінің бортында темекі шекендер 124 болса, 29-ы ұсақ бұзақылық жасаған, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті бұзудың өзге де түрлері орын алған.

Осындай оқиғалардың бірі жақында «Шарм-эль-Шейх – Алматы» бағытындағы рейс бортында орын алды. Тексеру барысында Шымкент қаласының 46 жастағы тұрғыны ұшақтың әжетханасында электронды темекі шегіп, әуе тасымалы ережелерін бұзғаны анықталды.

Ұшақ Алматы қаласының әуежайына қонғаннан кейін, әуерейсі командирінің актісі негізінде желілік полиция бөлімінің қызметкерлері әйел адамды рейстен түсіріп алды. Аталған құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

 

Көлік полицейлері әуе кемесінің бортында темекі шегу – ұшу қауіпсіздігіне ықтимал қатер төндіретін өрескел құқық бұзушылық болып табылатындығын ескертеді.