Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды заңсыз өткізді деген күдікпен 28 жастағы қала тұрғынын анықтап, ұстады.
Күдікті қылмыстық ниетін байланыссыз тәсілмен, яғни «закладка» әдісі арқылы жүзеге асырмақ болған. Тексеру барысында одан жалпы салмағы 226 граммды құрайтын синтетикалық тектегі «Альфа-PVP» есірткі заты тәркіленді. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл мөлшер шамамен 500 рет қолдануға жететін дозаны құрайды, олардың қара нарықтағы құны шамамен 12 миллион теңге.
Көлік полицейлерінің жедел әрекеттерінің арқасында қауіпті есірткі заттың заңсыз айналымға түсуіне және азаматтардың денсаулығына зиян келуіне жол берілмеді.
Есірткі құралдарын өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.
Ақтөбе қаласының №2 сотының шешімімен әйел кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың басынан бері Көліктегі полиция департаменті 226 есірткі заң бұзушылықтарын анықтады. Оның ішінде 35 өткізу фактісі, 13 аса ірі көлемде сақтау және 6 контрабанда дерегі тіркелді. Заңсыз айналымнан 300 кг астам есірткі заттары тәркіленді, оның 114 кг синтетикалық заттар.