Бүгін Көліктегі полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлері «Қостанай – Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызында жолаушылар мен пойыз бригадаларының мүшелерімен «Дөңгелек үстіндегі кездесу» атты іс-шара өткізді.
Көліктегі ПД ӘПБ бөлімінің бастығы Алихан Жұмажановтың айтуынша, аталған акцияның мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы азаматтарға ақпарат беру, ашықтық пен халықпен диалогқа дайын екендігімізді көрсету, сондай-ақ жолаушыларды толғандыратын мәселелерді зерделеу және шешу.
Пойызды аралау барысында полиция қызметкерлері жолаушыларға құнды заттарын – әмиян, ұялы телефон, планшет сынды жиі жоғалатын бұйымдарды қараусыз қалдырмауға кеңес берді.
Кинологиялық қызмет орталығының іздестіру иттерімен бірге вагондарды тексеру және патрульдеу кезінде жолаушылар полиция қызметкерлерінің жұмысына түсіністікпен қарап, қолдау білдірді. Пойыз бригадасының мүшелері пойыздарды бойлай (сквозной) күзетпен қамтамасыз ету жөнінде ұсыныс білдіріп, бұл жолаушыларға тұрақты қорғаныс пен қауіпсіздік сезімін сыйлайтынын айтты.
«Көлік полицейлеріне жүгіну мүмкіндігі бұрыннан бар және бұл бағыттағы қолжетімділік одан әрі кеңейіп келеді. Сонымен қатар, азаматтарды өздерінің жеке және мүліктік қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Қылмыскерге қылмыс жасауға мүмкіндік бермеу қажет. Қауіп төнген жағдайда полицияға дер кезінде хабарлау – жол үстінде көптеген келеңсіздіктердің алдын алуға көмектеседі», – деді А. Жұмажанов.
«Көліктегі қауіпсіздіктің кепілі – бұл құқық қорғау органдарының жұмысы мен азаматтардың белсенді азаматтық ұстанымының үйлесімі. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана біз қоғамда қауіпсіздік, құқықтық тәртіп пен әділдікті қамтамасыз ете аламыз», – деп қорытындылады ол.
Естеріңізге саламыз, ағымдағы жылдың 16–25 шілде аралығында Көліктегі полиция департаменті «Көліктегі қауіпсіздік» акциясын өткізуде. Іс-шара қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында ұйымдастырылған.