Жыл басынан бері Көліктегі ПД-да 900 жуық пойыздың шұғыл тежелуі тіркелді

Жыл басынан бері Көліктегі ПД-да 900 жуық пойыздың шұғыл тежелуі тіркелді

Осы жылдың басынан бері Қазақстан темір жол желілерінде пойыздардың шұғыл тежелуінің 893 жағдайы тіркелді, соның 661-і темір жол бойында жануарлардың болуына байланысты орын алған.

Мұндай жағдайлар жануарлардың өлуіне ғана емес, сонымен қатар пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Бұл еліміздің темір жолына экономикалық залал келтіріп, жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесінің бұзылуына әкеп соғады. Бұдан бөлек, шұғыл тежеу немесе пойыздың үй жануарларымен соқтығысуы салдарынан жолаушылар мен локоматив бригадалары жұмысшыларының жарақат алу қаупі туындайды.

Тек өткен тәуліктің өзінде Ақмола, Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарының аумағында пойыздардың жылқыларды қағып кету деректері тіркелді. Ал Қызылорда мен Алматы облыстарында темір жол төсеміне жақын маңда бақылаусыз жайылып жүрген ірі қара малмен жүк пойыздарының соқтығысу оқиғалары орын алды.

Осы келтірілген деректер бойынша көлік полицейлері темір жолдың бөлінген жолағында мал жаю ережелерін бұзған үй жануарларының иелерін жедел анықтады. Олардың барлығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 

Еске саламыз: темір жол – аса қауіпті аймақ. Темір жолдың бөлінген жолағында мал жаюға қатаң тыйым салынады, мұндай әрекеттің соңы қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін. Азаматтар мал жаю тәртібін қатаң сақтауға міндетті.