Осы жылдың басынан бері Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері әуе кемелерінде түрлі құқықбұзушылықтар жасаған 331 тұлғаны анықтап, жауапкершілікке тартты. Ең жиі кездесетін құқықбұзушылықтар қатарында — алкогольдік ішімдік ішу және қоғамдық орындарда мас күйінде жүру – 189 факт, әуе кемесінде шылым шегу – 89, ұсақ бұзақылық – 24 және тағы басқалар.
Мәселен, Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері «Астана – Атырау» бағытындағы рейстен әуе кемесі командирінің актсімен 31 жастағы Атырау қаласының тұрғынын түсірді. Тексеру кезінде жолаушы-әйелдің мас күйде болып, ұшаққа міну барысында әуе компаниясы қызметкерлерінің талаптарын орындамағаны және агрессивті әрекет көрсеткені анықталды. Тәртіп сақшылары келген кезде азаматша полиция бөлмесіне барудан бас тартып, тіпті, бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзуды жалғастырған.
Көлік полицейлері аталған азаматшаға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 4 бірдей бабымен, атап айтқанда билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбау, ұсақ бұзақылық жасау, бортсеріктердің талаптарын орындамау, сондай-ақ қоғамдық орынға мас күйінде келу бойынша әкімшілік хаттамалар толтырды.
Іс бойынша материалдар сотқа жолданды.
Деструктивті мінез-құлық тек қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, жолаушылар мен бортсеріктердің қауіпсіздігіне де қатер төндіретінін тағы да еске саламыз:. Осыған сәйкес, азаматтарды әуе кемесінде және қоғамдық орындарда тәртіп ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз.