Жыл басынан бері көлік полицейлері әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін поездардан 400-ге жуық адамды түсірді

Жыл басынан бері көлік полицейлері әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін поездардан 400-ге жуық адамды түсірді

 Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері жолаушылар пойыздарында құқықбұзушылықтардың жолын кесу бойынша белсенді жұмыс жүргізді. Көлік полицейлерінің басты ұстанымы – Заң мен Тәртіп.

Өткізілген рейдтік және жедел-профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде поездардан еліміздің әкімшілік заңнамасын бұзған 388 адам түсірілді. Олардың басым бөлігін, яғни, 359-ын алкогольдік мас күйінде болған азаматтар құрады. Сонымен қатар, ұсақ бұзақылық – 13 және басқа да құқықбұзушылықтар тіркелді.

Мәселен, «Маңғыстау – Алматы» бағытындағы жолаушылар поезы бастығының актісімен Бейнеу станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері Қызылорда облысының тұрғынын пойыздан түсірді. Ішімдікке сылқия тойған 31 жастағы ер адам полиция бөлмесіне жеткізу кезінде тәртіп сақшыларының заңды талаптарына қарсылық көрсеткен. Тексеру барысында аталған азаматтың осыған ұқсас құқықбұзушылық үшін бір жыл ішінде бұған дейін де жауапкершілікке тартылғандығы анықталды, Бұл жолы құқықбұзушы бірден екі бап, атап айтқанда алкогольдік ішімдіктер ішу және қоғамдық орындарға масаң күйінде келу, сондай-ақ полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау бойынша жауапқа тартылды. Соттың шешімімен ол 4 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Дәл осы бағыттағы поезда тағы бір оқиға орын алды: Қызылорда облысының 41 жастағы тұрғыны мас күйінде вагон-мейрамханада ішімдік бермегені үшін сыра бокалымен терезені сындырған. Аталған азамат өз әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 

Еске саламыз, көліктегі тәртіпті бұзу айыппұлға және қамауға алуға әкеп соғады. Өзіңізді сақтаңыз және басқалардың тыныштығын бұзбаңыз.