Көлік полицейлері азаматтарды темір жол бойында жүріс-тұрыс қағидаларын қатаң сақтауға шақырады

Көлік полицейлері азаматтарды темір жол бойында жүріс-тұрыс қағидаларын қатаң сақтауға шақырады

Жыл сайын еліміздің темір жолдарында қауіпсіздік қағидаларын сақтамаудың салдарынан адамдар, соның ішінде балалар қайғылы жағдайға ұшырап, ауыр жарақаттар алып жатады. Биылғы жылдың басынан бері Көліктегі полиция департаментінде азаматтардың теміржол көлігі жарақатын алудың 39 фактісі тіркелді, оның жартысынан көбі адам өлімімен аяқталды. Олардың арасында кәмелетке толмаған және кішкентай балалар да бар. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Оңдасын Аштаев айтты.

Оның айтуынша, қайғылы оқиғалар көбінесе азаматтардың темір жолда қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауы салдарынан орын алады. Әдетте, белгіленбеген жерлерден темір жолды кесіп өту, асығыстық, немқұрайлылық, жаяу жүргіншілерге арналған көпірлерді, жерасты және арнайы өткелдерді пайдаланбау осындай жағдайларға әкеп соғады.

Мәселен, жақында Алматыда екі тұлғаны поезд қағып кетті. Олар темір жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпекші болған. Аталған факті бойынша тергеу жүргізілуде. Мұндай оқиғалар темір жол жиегінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетеді.

«Темір жол көлігі инфрақұрылымында бөгде тұлғалардың болуы  олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, темір жол жолаушылары мен қызметкерлерінің қауіпсіздігіне, жүктердің тұтастығына және жалпы қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндіретіні анық», – дейді полиция полковнигі. Ол азаматтарды мейлінше қырағы болуға және теміржолдағы тәртіп ережелерін мүлтіксіз орындауға шақырды.

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары ата-аналардан балаларына теміржолдың ойнайтын жер емес екенін барынша түсіндіруді сұрайды.

Өміріңіз бен денсаулығыңызды сақтау үшін мынаны есте сақтаңыз:

- темір жолды арнайы белгіленген және жабдықталған жерлерден ғана және жүріп келе жатқан пойыз, локомотив немесе вагондардың жоқтығына толық көз жеткізгеннен кейін ғана кесіп өтіңіз;

- станциялар мен айналымдарда вагондардың астынан өтпеңіз немесе автоматты қосқыштардың үстінен секірмеңіз; 

- сонымен қатар, темір жолдан өтерде құлаққап пен ұялы телефонды пайдалануға қатаң тыйым салынады.

Теміржолда жеке қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін бұлжытпай орындау арқылы сіз өзіңіз бен жақындарыңыздың өмірін сақтай аласыз.